Өлген соң адаммен не болады?
СЕН адамдардың қартаятынын, ауыратынын және өлетінін білесің. Тіпті кішкентай балалар да қайтыс болып жатады. Олай болса, өлімнен немесе өлген адамдардан қорқуың керек пе?
Өлген соң адаммен не болатынын білесің бе?
Қазіргі кезде өлімнен қайта тірілген адам жоқ. Сондықтан өлген соң не болатынын бізге ешбір адам айтып бере алмайды. Алайда Ұлы Ұстазымыз жерде өмір сүрген заманда өлімнен қайта тірілген бір кісі болған. Соның оқиғасы бізге өлген адамдармен не болатынын түсінуге көмектеседі. Ол Исаның досы Елазар еді. Елазар Иерусалимнің жанындағы Бетания деген қалада тұратын. Оның әпкелерінің есімі — Марта және Мәриям. Кел, Киелі кітапта олар жайлы не айтылғанын көрейік.
Бір күні Елазар қатты ауырып қалады. Бұл кезде Иса алыста еді. Сондықтан Марта мен Мәриям оған адам жіберіп, Елазардың ауырып жатқанын хабарлайды. Өйткені олар Иса келсе, бауырларын сауықтыра алатынына сенетін. Иса дәрігер болмаса да, оның Құдай берген күші бар еді. Соның көмегімен ол кез келген ауруды емдей алатын (Матай 15:30, 31).
Алайда Иса келмей жатып, Елазар сырқатынан қайтыс болды. Сонда Иса шәкірттеріне: “Досымыз Елазар ұйықтап жатыр, ал мен оны ояту үшін бара жатырмын”,— деді. Бірақ шәкірттері бұл сөздерді түсінбей қалғандықтан, Иса оларға: “Елазар өлді”,— деп нақты айтты. Исаның осы сөздерінен өлім жайлы не білуге болады?
Дұрыс, өлімді терең ұйқымен салыстыруға болады. Мұндай ұйқының терең болатыны сонша — адам тіпті түс те көрмейді.
Сонымен, Иса Марта мен Мәриямның үйіне бет алды. Ол үйде достары жиналып, Елазардың екі әпкесін жұбатып отырған. Бір уақытта Марта Исаның келгенін естіп, алдынан жүгіріп шығады. Артынан Мәриям да шығады. Қайғырып, жылап келген ол Исаның аяғына жығылды. Мәриямның соңынан еріп келген достары да жылап тұрды.
Ұлы Ұстаз олардан Елазардың қайда жатқанын сұрағанда, оны үңгірге алып келді. Иса жылап тұрған адамдарды көріп, өзі де көзіне жас алды. Өйткені ол жақсы көретін адамыңнан айырылу қаншалықты ауыр екенін түсінетін.
Қабірге келгенде, аузында үлкен тас тұрды. Сонда Иса адамдарға: “Тасты алып тастаңдар”,— деді. Сеніңше, тасты алуға бола ма?
Марта алуға болмайды деп ойлап, Исаға: “Ием, ол иістеніп кеткен шығар, жатқанына төрт күн болды ғой”,— деді.
Бірақ Иса оған: “Егер сенсең, Құдайдың ұлылығын көресің деп айтып едім ғой”,— деді. Мұнымен Иса Мартаның Құдайға мадақ әкелетін істі көре алатынын айтқысы келді. Сонда ол не істемекші? Тасты алып тастағанда, Иса көкке қарап, Ехобаға дауыстап дұға айтты. Сосын, қатты дауыспен: “Елазар, шық!”— деді. Елазар шынымен шыға ма? Бұл мүмкін бе?
Сен ұйықтап жатқан адамды оята аласың ба?
Әрине, қатты дауыстап шақырсаң, ол оянып кетеді. Ал өлім ұйқысында жатқан адамды ше?
Жоқ. Қанша айқайласаң да, өлген адам сені естімейді. Оны сен де, мен де, ешкім де оята алмайды.
Иса Елазармен не істеді?
Бірақ Иса жай адам емес еді. Оның Құдай берген ерекше күші бар. Сондықтан Иса Елазарды шақырғанда, жұрттың бәрін таңғалдырған бір жайт болды. Өлгеніне төрт күн болған адам үңгірден шықты. Міне, ғажап! Елазар тірі! Ол қайтадан дем алып, өз аяғымен жүріп, әрі сөйлеп тұр! Иә, Иса оны өлімнен қайта тірілтті (Жохан 11:1—44).
Енді ойланып көрші: Елазармен өлген соң не болды? Оның жаны немесе рухы денесінен шығып, басқа бір жерде өмір сүрді ме? Мүмкін, ол аспанға кетіп, төрт күн бойы Құдай мен қасиетті періштелердің жанында болған шығар?
Жоқ, олай болған жоқ. Есіңде ме, Иса Елазар ұйықтап жатыр деп еді ғой. Ұйықтағанда сен әдетте не сезесің? Әсіресе қатты ұйықтасаң, айналаңда не болып жатқанын білесің бе?
Ал оянған соң қанша уақыт ұйықтағаныңды да білмейсің, тек сағатқа қарағанда ғана білесің.
Өлген адамның да жағдайы осындай. Ол ештеңе білмейді, ештеңе сезбейді және ештеңе істей алмайды. Елазар қайтыс болғанда, тап осындай күйде болды. Өлгендер қатты ұйықтап жатқан адам сияқты. Олар туралы Киелі кітапта: “Өлгендер еш нәрсені білмейді”,— делінген (Екклесиаст 9:5, 10).
Өлген Елазар қандай күйде болды?
Енді мына жайлы ойланып көр: Елазар төрт күн бойы аспанда болған болса, қайта тірілгенде аспанда не көргенін айтып берер еді ғой, иә?
Оның аспанда болғаны рас болса, сол керемет мекеннен Иса оны қиындыққа толы жер бетіне қайтарар ма еді?
Әрине, олай етпес еді.
Алайда көпшіліктің ойынша, адам өлген соң оның жаны, немесе аруағы, денесінен шығып, басқа жерде өмір сүреді. Сондықтан кейбіреулер Елазар өлген соң, оның жаны басқа жақта болды деп есептейді. Бірақ Киелі кітап жан туралы мұндай ойды растамайды. Онда Құдайдың Адам атаны “тірі жан” етіп жаратқаны айтылған. Демек, Адам атада жан болған жоқ, оның өзі жан еді. Кейін күнә жасап өлгенде, ол өлі жан немесе өлі адам болды. Сөйтіп, ол о баста топырақтан жаратылғандықтан, қайтадан топыраққа айналды. Киелі кітапта айтылғандай, Адам атаның бүкіл ұрпағы да күнәкар болып туылатындықтан, ақыр соңында өледі (Жаратылыс 2:7; 3:17—19; Римдіктерге 5:12).
Сонымен, біздің де денемізден бөлек жанымыз жоқ. Біз өзіміз жан болып табыламыз. Адам атадан бізге күнә берілгендіктен, Киелі кітапта: “Күнә жасаған жан өледі”,— делінген (Езекиел 18:4).
Өлгендерден неге қорықпауымыз керек?
Кейбіреулер өлгендерден қорқады. Олар адамның ұшып жүрген жаны, немесе аруағы, мазалайды деп қорқып, моланың жанына жоламайды. Шын мәнінде, өлгендер тірі адамды мазалай ала ма?
Ал басқа біреулер өлгендердің аруағы тірілерге келіп тұрады деп ойлайды. Сондықтан оларға арнап тамақ пісіреді. Мұндай адамдар Құдайдың өлгендер туралы айтқан сөзіне сенбейді. Ал біз Құдайдың сөзіне сенеміз, сондықтан өлгендерден қорықпаймыз. Егер өмір бергені үшін Құдайға шынымен риза болсақ, біз мұны оған ұнайтын нәрселерді істеу арқылы көрсетеміз.
Сен Құдайдың өлген үлкен адамдарды қайта тірілте алатынын білдің. Ал Құдай қайтыс болған балаларды өмірге қайтара ма? Оларды қайта тірілтуді шынымен қалай ма? Бұл сұрақтардың жауабын келесі тараудан оқып білеміз.
Өлген соң адаммен не болатынын және адамның өзі жан екенін келесі тармақтардан да білуге болады: Забур 113:25; 145:3, 4 және Жақып 5:20.